Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында ел аумағында алдағы 5 жылда орманды алқаптарда 2 миллиард, ал елдімекендерде 15 миллион көшет егуді тапсырғаны белгілі. Осыған орай Шымкентте қаланың экологиялық ахуалын жақсартатын бірқатар жоба қолға алынбақ. Негізгі бағыт көгалдандыру болады. Бұған қоса 8 негізгі саябақ пен 39 гүлзарды қайта құру қолға алынып, Қошқар ата өзенінің бойынша абаттандыру басталған болатын.
Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков халықтың өтінішін ескере отырып, жасыл белдеу аумағын өз орнында қалдыру бойынша тапсырма берді.
Игілік тұрғын алабы, Баба ата көшесінің бойындағы жасыл белдеу кезінде жеке тұлғаларға қойма құрылысы үшін берілген. Бірақ, жергілікті тұрғындар мегаполис басшысымен кездесу барысында жасыл белдеу аумағын жеке тұлғаға бермеуін сұрап, жасыл белдеуді орнында қалдыру бойынша өтініш білдірді.
Қала басшысының тапсырмасымен, сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы аталған жерге зерделеу жұмысын жүргізді. Нәтижесінде, 1,4 га аумақтың нысаналы мақсаты «қойма жайлары және темір базасы құрылысын салу үшін», «Шебер Юг» ЖШС-не,«Шымкент құс» ЖШС-не және кәсіпкерге жеке меншік құқығымен рәсімделгені анықталды.Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында хабарлаған болатын.
Алайда, бас жоспар бойынша аталған жер учаскесі жасыл желек аумағында орналасқандықтан, мемлекет мұқтажына алынады. Қазіргі таңда тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Қазір әлеуметтік желіде жасыл белдеуде ағаштар кесіліп жатқаны туралы ақпарат тарады. Бұл шындыққа жанаспайды. Аумақта кәсіпкерлер тарапынан ағаш кесу фактілері орын алмағанын хабарлаймыз және азаматтардан тек ресми ақпарат көзіне сенуін сұраймыз.
Аталған мәселе қала әкімінің жеке бақылауында.