Бүгінде емханаға барсаңыз міндетті түрде денсаулық кінәратын анықтау үшін алдымен қан сынамасын тапсыратыны белгілі. Күн сайын аталмыш қан тапсыру зертханасына қаншама қан және несеп сынамалары әкелініп, нәтиже шығарылады. Осы ретте зертхана еңбегімен танысу мақсатында Түркістан қаласы «Талғат» клиникасындағы аталған бөлімге ат басын бұрдық. Таңнан кешке дейін жұмыс үстелінде қан құрамына талдау жасап отыратын білікті де тәжірибелі маман, бөлім жетекшісі Абдуллаева Дилрабо Абдулхакимқызынан жұмыс жайымен таныстыруды өтіндік.

«Көріп отырған қан тапсыру зертханасы 1997 жылдан бері қызмет етіп келе жатыр. Алғаш 5 зертханашы болып жұмыс жасадық. Содан бері бөлім кеңейіп, науқастарды қабылдап, қан нәтижелерін шығаратын стационар ретінде қызмет етуде. Қазіргі таңда 2 дәрігер 16 зертханашы жұмыс істейміз.

Жұмыс барысымен таныстырып өтсем, бізде барлық клиникалық анализдер жасалады. Биохимиялык, гематологиялык, клиникалык, иммунологиялык зерттеулерден тұратын бөлімде барлығы заманауи технологиялармен жасалады. Атап өтсек, зертхана қызметі үш кезеңнен тұрады. Ең алдымен ем-шара жасау бөлмесінен науқастан қан алынады. Содан соң арнайы құтыдағы қанның құрамын зерттеу үшін мамандар осы жерде басты міндетіне кіріседі. Қан талдау нәтижесі дайын болған жағдайда арнайы компьютерлік бағдарламаның көмегімен қан және несеп сынамаларының нәтижесі ары қарай дәрігерге жолданады».

«Қазіргі таңда зерттеу жүргізудің қандай заманауи әдістері қолданылады және аппарат түрлерін атап өтсеңіз».

«Бүгінде зертханада анализдің 100 түрі жасалады. Анализдер автоматты түрде Mindray BS240Pro аппараты, биохимиялык автоматты анализатор арқылы жасалады, олар қан құрамына бірнеше талдау жасалуымен ерекшеленеді. Аталмыш заманауи технологиялар қауіпсіз, жылдам және тиімді орындайды.

Қолда бар аппараттарымызға тоқтала кетсек, биохимиялық автоматты анализатор АЛТ, АСТ, билирубин және оның фракциясы жалпы белок, альбумин, креатинин, глюкоза, темірді анықтайды.

Гематологиялық анализатор 5 минут ішінде қанның құрамындағы HGB, RBC, WBC, PLT көрсеткіштерді анықтай алады. Биохимиялық анализатор 1 сағат ішінде 30 талдауға дейін 10 көрсеткіш анықтап береді.

Sysmex XS-500-I автоматты гематологиялық анализатор лейкоциттердің толық дифференциациясымен қоса алғанда, бірнеше параметрді анықтау мүмкіндігі бар аппарат.

HTI TECHNOLOGY20 электролиттік анализаторы дене сұйықтықтарындағы электролит концентрациясын жылдам және дәл өлшеу үшін қолданылады. Бұл құрылғылар қысқа уақыт ішінде көптеген үлгілерді автоматты түрде талдай алады және бірнеше минут ішінде талдау нәтижелерін бере алады. Бұл науқастың электролит балансының күйін жылдам бағалауға және қажет болған жағдайда емдеуді түзетуге мүмкіндік береді.

Бізде кездесетін зерттеудің тағы бір түрі – коагулограмма – қан ұю жүйесінің жұмысын бағалайтын зертханалық зерттеу. Бұл көбіне хирургиялық араласудан бұрын тағайындалады. Сонымен қатар, зерттеу жүкті әйелдер мен жүрек-қан тамырлары аурулары, қан ұю жүйесінің патологиясы бар науқастарға, сондай-ақ жұқпалы аурулары бар адамдарға ұсынылады».

Иә, байқағанымыздай, қанға жалпы анализ жасау арқылы көптеген аурулардың басты диагностикасын қоюға жол ашады. Осы ретте зертханадағы тәжірибелі мамандар мен соңғы үлгідегі технологияның өзара үйлесімі арқылы қаншама көзге көрінбейтін қыруар жұмыстардың атқарылып жатқанын аңғаруға болады.

Қан тапсыру зертханасына бас сұғып, науқасқа дұрыс диагноз қоюға көмектесетін, емдеудің қажетті әдісін, аурудың болжамын анықтауға, терапияның тиімділігін бақылауға және алдын алудың тиісті шараларын дайындауға септігін тигізетін зертханалық тексерулер жылдам нәтижелерді қамтамасыз ететініне көз жеткіздік.

Banner Content

0 Comments

Leave a Comment

This is a Sidebar position. Add your widgets in this position using Default Sidebar or a custom sidebar.