Қалада жекеменшік балабақшалар саны күн санап артуда. Өткен жылы қалада 30 балабақша ашылса, биыл тағы 32 балабақша іске қосылатын болады. Бұл жөнінде Нұргүл Шәмшиева қаланың жаңа оқу жылына дайындығы жөніндегі брифингте мәлімдеді.
Қазірдің өзінде жеке меншік балабақшалар мектепке дейінгі ұйымдардың 88,3 пайызын құрап отыр, яғни, 611 балабақшаның 71-і мемлекеттік, 540-ы жекеменшік. Саладағы жемқорлықты жойып, кезек мәселесін шешу үшін биыл Шымкент қаласы ваучерлік қаржыландыру бойынша пилоттық жобаға қатысатын болады. Нұргүл Ақылбекқызының айтуынша осы жылдан бастап сабақтастықты қаматамасыз ету үшін балабақша жұмысын мектеппен синхрондау күшейтілетін көрінеді.
– Әр баланың білім беру траекториясын ойдағыдай дамыту үшін балалардың оқу бағдарламасының мазмұнын меңгеруіне мониторинг жүргізіледі, оның нәтижелері бойынша бала дамуының жеке картасы толтырылады. Жеке карта цифрландырылып, Ұлттық білім беру деректері базасына енгізілді. Жеке картаның нәтижелері бойынша бастауыш сынып мұғалімі оның білім беру траекториясын дамытуды жалғастырады. Сонымен бірге жеке карта деректері бойынша балабақшалардың сапалық көрсеткіш рейтингі жасалатын болады, – дейді Нұргүл Шәмшиева.
Сонымен қатар мектепке дейінгі ұйымдар жанынан ата-аналарға арналған 97 консультациялық пункттердің жұмысы ұйымдастырылып,онда 1 мыңнан астам ата-ана мен бала кеңес алған. Биыл тағы осындай 15 орталық ашу жоспарланып отыр. Қабылданған шаралар нәтижесінде қаламызда кезекте тұрған 2-6 жас аралығындағы 83 590 баланың 89,3%-ы балабақшамен қамтылған.
Брифингте бас ұстаз қаладағы 275 мектептің жаңа оқу жылына дайындығын атап өтті.
– Кез келген салада сапаны қамтамасыз ету үшін инфрақұрылым, мамандар мен білім мазмұны маңызды. Қалада үшауысым мәселесі шешілді деп айттық. Дегенмен Шымкентте демографиялық өсім жоғары. Оған қоса қаламыз республикалық қала мәртебесін алғалы бері кәсіпорындар, мекемелер жұмыс беретіндіктен ішкі миграция процестері де өте белсенді жүріп жатыр. Сондықтан жыл сайын оқушы жасындағы балалар саны 8-9%-ға өсіп отырады, – деді басқармасы басшысы.
Қалада қазіргі күні 21 мектепте әлі күнге дейін оқушы толымдылығы жоғары. Биыл жыл аяғына дейін «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында 11 мектеп беріледі. 9-на кадр резервіндегі кандидаттар директор лауазымына тағайындалды.