Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының 2024 жылдың I жартыжылдығында атқарылған жұмыс қорытындылары» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. Жиында Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы — Утебаева Жанат Өмірсейітқызы қаладағы жұмыспен қамту шараларының нәтижелері мен болашақ жоспарлары туралы ақпарат берді.
Шымкент қаласында биылғы жылға жоспарланған жұмыспен қамту шараларының нәтижелері ашық түрде жарияланды. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында Шымкентте 56,9 мың адамды жұмыспен қамту бағдарламасына қатыстыру көзделген. Осы мерзім ішінде 27 168 адам бағдарламалардың артықшылықтарын пайдаланып үлгерді.
Қазіргі уақытта жоспар бойынша 30 207 адамды жұмыспен қамту, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау және қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жолдау көзделген.
Бұл ретте:
- 4 176 адамға кәсіпкерлікті дамытуға жағдай жасау;
- 7 453 адамды субсидияланатын жұмыс орындарына орналастыру;
- 14 846 адамды бос жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру;
- 3 752 адамды кәсіптік оқытуға бағыттау жоспарланған.
Есепті кезеңде 17 163 адам осы шараларға қатысып, жоспар 56,8 пайызға орындалды. Осы жылға дейін 42 524 адамды қамту жоспарланған.
Сонымен қатар, Шымкентте іске асырылып жатқан концепциялар мен қала дамуының 2021-2025 жылдарға арналған бағдарламалары аясында 26 482 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Оның ішінде 3 040 жұмыс орны концепциялар негізінде және 23 342 жұмыс орны жеке бастамалармен құрылатын нысандарға (балабақшалар, спорт кешендері, білім беру ұйымдары, дәріханалар және т.б.) қарастырылған.
Биыл 1 тамызға дейін 10 005 адам жұмысқа орналастырылды. Сонымен қатар, ҚР Президентінің тапсырмасы бойынша 2024 жылы 273 жастарға шағын несие беру жоспарлануда.
Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы жариялаған бұл мәліметтер Шымкенттегі әлеуметтік қолдау мен жұмысқа орналастыру шараларының тиімділігі мен кең ауқымдылығын көрсетеді.