Бүгін қала күніне орай мәдениет ордасы – «Tulip Hall» конгресс холл ғимараты халық игілігіне берілді. «Tulip Hall» ғимаратында алғаш рет «Қала күні» мерекесіне арналған салтанатты іс-шара өтті. Жиынға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, қала мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов, зиялы қауым өкілдері, қала тұрғындары қатысты.
Салтанатты іс-шарада қала әкімі бүгінгі мерекемен құттықтап, қаламызға еңбегі сіңген бірқатар азаматтарды марапаттады.
-Шырайлы шаһарымыздың бүгінгі шуақты мерекесі – қала күні құтты болсын. 2200 жылдық тарихы бар қаламыз даму шежіресін алтын әріптермен жазып келеді. Қаламыздың келбеті жылдан-жылға ажарланып, экономикасы өрлеп, халықтың әл-ауқаты артуда. Жаңа идеялар мен жоспарлар, ауқымды инвестиция миллионды қаланың дамуына жаңа серпін берді. Игіліктің барлығы – сіз бен біздің ортақ еңбегіміз. Өз еңбегімен, күшімен және талантымен қаламыздың дамуы мен әл-ауқатына өлшеусіз үлес қосқан баршаңызға шын жүректен алғыс айтамын. Сіздерге зор денсаулық, амандық, барлық бастамаларыңызға сәттілік тілеймін! – деді қала әкімі.
Жиында қала әкімі Ғ.Сыздықбеков пен қала мәслихатының төрағасы Б.Нарымбетов қаланың дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар азаматтарды Шымкент қаласының “Құрметті азаматы” атағымен марапаттады. Олардың қатарында Орынбай Рахманбердиев, Досыбай Шерімқұлов, Баян Жандосова, Асма Қалыбекова, Өркен Әбдіреев, Момбек Әбдәкімұлы, Серікбай Онбаев сынды белгілі азаматтар бар.
Іс-шарада Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреты Талғат Күзембаев, қалалық опера және балет театрының симфониялық оркестрі, хор ұжымы, «Шымкент концерт» концерттік ұйымының өнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынды.
Айта кетсек, жалпы ауданы 5,24 гектар аумақты алып жатқан нысанның жобасы 2021 жылы бекітіліп, құрылыс жұмысы 2023 жылы басталған болатын. Ал, ғимараттың ауданы – 17 964 шаршы метр. Үш қабатты ғимараттағы концерт залының сыйымдылығы – 2066 орын. Сонымен қатар, 190 орындық конференция залы бар. Мердігер «BI Global» ЖШС құрылыс жұмыстарын толық аяқтап, қала күніне орай пайдалануға тапсырды.
Жаңа нысанның ашылу салтанатында көпшілік «Шымкент: Кеше. Бүгін. Ертең» тақырыбында көрмені тамашалады.

Banner Content

0 Comments

Leave a Comment

This is a Sidebar position. Add your widgets in this position using Default Sidebar or a custom sidebar.