Шалғайдағы ауылдың жергілікті халқының табысын арттырып, күнкөрісін жақсартуға бағытталған маңызды жобалардың бірі енді «Ауыл аманаты» жобасы аясында жүзеге асырылады. Осылайша, өңір тұрғындары 2,5 пайызбен несие алу арқылы кәсібін бастап, жемісін көруге ниеттеніп отыр. Аталмыш пилоттық жобаның жер-жерде мақсатқа сай қолданылып, нәтижелі болғанына билік басындағылар оң бағасын беріп, енді бұл тәжірибені еліміздің аудан-ауылдарында іске асыруды көздеуде. Яғни, шаруалар жұмыстарын «Ауыл аманаты» жобасында бастамақ. Бұл, әрине, шаруа ісінің шырайын келтіретін, жұмыссыз жастарды алға қарай демейтін жақсы бастаманың бірі.

Биыл шаруаларды жеңілдетілген несиемен қамту жұмыстары Түркістан облысы Сауран ауданының төрт ауылында белсенді жүргізілмек. Соның бірі – Майдантал ауыл округіндегі Ынталы елді мекені. «Ырыс» микро қаржылық ұйымы шаруалардың тиісті дең­­гейде қаражатпен қамтылуына назар аударып отыр. Қазіргі таңда ауылшаруашылық өндірістік кооперативі құрылып, егіншілікпен, мал шаруашылығымен айналысатын бас-аяғы 100-ге тарта жеке адамдар мен қожалықтардың басын біріктіріп отыр.

Арнайы құрылған мобильді топтар өткен жылы ауыл-аймақты аралап, жоба аясында ауыл тұрғындарын өз бизнесін ашуға немесе бұрынғы ісін кеңейтуге қатысты ақпараттармен хабардар еткен.  Осы ретте аталған жобаның негізгі мақсаты – басты шарттарымен түбегейлі таныстыру.  

Бұл жөнінде Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасының агроөнеркәсіп кешен субъектілерін несиелендіруді ұйымдастыру бөлімінің басшысы Бауыржан Қалданов былай деп түсіндірді: «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауыл тұрғындарына өз бизнесін дамытуға немесе кооператив құрамында жеңілдетілген несие алуға, сондай-ақ техниканы лизингке рәсімдеуге мүмкіндік беріліп жатқандықтан, оны алуға ниет білдіру­шілердің көбейіп жатқаны рас. Баршаға белгілі болып отырғандай, қарыз алу шарттары да өте тиімді, себебі ондағы пайыздық мөлшерлеме әлдеқайда төмен. Несие/микронесие мерзімі – 5 жыл, ал мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобалар бойынша 7 жылға дейін; номиналды сыйақы мөлшерлемесі – 2,5 пайыз, кепілмен қамтамасыз ету. Сондай-ақ мемлекеттен 25 пайыз қайтарымсыз субсидия төленеді және несие төлеуде бір жылдық «кредиттік каникул» беріледі. Сондықтан жоба аясында несие алушыларға қойылатын талаптар қиындық тудырмайды деген сенімдеміз».

Жобаға қызығушылығын білдірген ағайынды Ерсұлтан мен Шынболат Хайрулла 27,6 млн. теңге жеңілдетілген несиемен ауылшарушылық техникасын, яғни 2 дана трактор алып, ісін бастағалы жатқан жас кәсіпкерлер.

«Біз әуелі қаражатқа өтініш берер алдында қаржылық сауаттылықты арттыру бойынша курстар өттік, бізге «Аманат» партиясы мен «Халық банкінен» сертификаттар берілді. 2023 жылдың мамыр айында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, шілдеде несие алуға рұқсат берілді. 27,6 млн. теңге жеңілдетілген несиемен 2 трактор алдық. Кәсібімізді бастау үшін 200 гектар жердің 50 гектарына қауын, дарбыз егуді, 6 гектар жерін суармалы жерге, оның 30 соттық жерін мал бордақылау алаңына айналдыруды, 1 гектар жерін балық өсіру шаруашылығын дамытуды, яғни биыл бассейндер салуды жоспарлап отырмыз. 80 млн инвестиция тарту жобасы бойынша балық өсіру шаруашылығында 6 адам жұмыспен қамтамасыз етілмек. Бұйырса, Шардараға «Хамит» АШӨК-не балық өсіру кәсібін дамыту бойынша оқуға барып, білімімізді жетілдіреміз және суымызға алғаш жіберетін балықтарды сол жерден жеткіземіз деген ниетіміз бар.

Осы ретте осынау игі істің жүргізілуіне, сонау зор мүмкіндіктердің берілуіне ұйытқы болған Сауран ауданы әкімшілігіне, Ж.Досболов бастаған Майдантал ауыл округінің әкімдігіне, құжаттар әзірлеуде көп көмегін тигізген сондағы Шыңғыс, Назым, Асқар деген білікті мамандарға айрықша алғысымызды білдіреміз», дейді «Сапа-СПК» ауылшаруашылық кооперативінің негізін қалаушы Ш.Жанболатұлы.

Аталмыш бағдарлама ауыл тұрғындарын ерекше ынталандырған. Бұған дәлел – жобаның тиімді шарттарын ұтымды пайдалануға ауылдың тағы 40 адамы ниет білдірген, 33 адам 2,5 пайыздық несиеге қол жеткізіп, жеке кәсіпкерліктерін ашты. Осылайша, атаулы әлеуметтік көмек алудан 3 адам қысқартылып, бүгінде олар «Ауыл аманаты» бойынша мал бордақылау, мал көбейту секілді өз кәсіптерін дөңгелетіп отыр.

Ауыл шаруашылығы бағытындағы жеңілдетілген несие беру жұмыстары алдағы уақытта басқа өңірлерде жалғасын таппақ. Елді мекеннің еңсесін көтерген жарқын жобаның арқасында ауылдағы ағайын мал шаруа­шы­лы­ғын өркендетіп, кәсіптің көзін табуға өздері-ақ ниетті. Тұрғын­дар­дың та­бысын арттыруға бағытталған жоба­ның шарапатын көрген ауыл халқының алпыс екі тамырына қан жүгіріп, ажар­ланып сала бергені бірден аңғарылады.

Banner Content

0 Comments

Leave a Comment

This is a Sidebar position. Add your widgets in this position using Default Sidebar or a custom sidebar.