Бүгінгі менің сөз еткелі отырған кейіпкерім – танымал сыншы, әдебиетші, профессор Құлбек Ергөбек ағайымыздың адал жары, ағамыздың қаламынан туған «Баянсөз»,  «Баянғұмыр» кітаптарының бас кейіпкері Баян Садыққызы Адырбек жайлы болмақ! Кітаптың шын жанашыры, кітапты ерекше қадірлейтін, әр сөзінде кітап оқудың нәтижесінде үлкен жетістікке жетуге болатынын айтып, кітаптың құндылығын дәріптеп келе жатқан, кітап дейтін құдіретке бас иіп, қалтқысыз елге қызмет етіп келе жатқан рухани ұстазым, ардақты апайым, қолдаушым, жанашырым Баян апайым жайлы сөз қозғағым келіп отыр.

 

Баян апай – аз уақыттың ішінде менің шығармашылық өсуіме орасан зор ықпал еткен үлкен жүректі адам. Қашанда «Санжар балам, сен мықты ақынсың, ХХІ ғасырдың ақиық ақынысың, мен сенімен мақтанам» деп мені үнемі алға қарай сүйреп, жігеріме жігер, шабытыма шабыт қосып жүрген жан. Қай ортада болмасын бірге жүрген кездерімізде мені көптің алдында арнайы таныстырып, абыройымды асқақтатып маған шексіз рух сыйлап жүрген жан. Әрбір мықты еркектің артында мықты әйел тұрады, деуші еді ғой. Талғамы биік, таңдауы бөлек Құлбек ағайымыздың жарынан осындай жақсы сөздерді есту – мен үшін үлкен қуаныш, һәм мақтаныш.

 

Осы ретте, Баян апайымның маған деген үлкен жанашырлығы мен шығармашылығыма жасаған үлкен қолдауын атап өткенді жөн көріп отырмын. Жақында ғана жарық көрген «ҮЗІЛМЕШІ ҮМІТІМ» атты кітабымның жарыққа шығуында осы апамның қосқан үлесі ерекше мақтауға лайық. Кітапқа енген өлеңдер мен естелік әңгімелердің барлығын бір-бірлеп оқып, өлеңдердің құрылымы мен грамматикалық қателерін қарап шықты, түзеді, өңдеді, әрледі. Бір сөзбен айтқанда кітабыма редакторлық жасаған адам.

 

«ТҮРКІСТАНЫМ – ЖЫР-ӘНІМ» атты ән кешімнің өтуіне бір апта қалған кезде сонау Румын елінде жүрген елші Нұрбах Рустемов ағамның шығармашылық кешіме арнап жаңа кітабымды жарыққа шығарып беруі туралы керемет ұсынысына ие болғанымды білесіздер. Он табақты кітаптың баспаханадан жарыққа шығуына небәрі бір апта ғана уақыт берілген болатын. Себебі алдымызға «Кітаптың тұсауы менің ән кешімде шешілуі керек», деген үлкен мақсат қойған болатынбыз. Бір кітаптың  жарық көруі үшін тұтас бір команда жұмыс жасады. Сол бір сын сағатта кітапқа редакторлық жасау сынды үлкен жауапкершілік жүктейтін ауыр жұмысты өз мойнына алып, кітаптың жоғары сапада жарық көруіне жанталаса атсалысқан жанның бірі – осы Баян апам болды. Электронды почтаға жіберген өлең-жазбаларымның барлығын жүздеген параққа шығарып алып, түнімен көзінің майын тауысып, ерекше ыждаһаттылықпен тексеріп шықты. Тексеріп өңделген нұсқасын файл түрінде өзіме жіберіп отырды. Мен дайын дүниелерді баспаханаға жіберіп, баспаханамен тығыз байланыста отырдым. Не керек, менің ән кешім болатын күні кітап дайын болып, Алматыдан Түркістанға да жетті. Өкініштісі сол, кітапты тез арада жарыққа шығарамыз, деп жанталасып жүргенде кітапқа редактор деп Баян апайдың атын енгізуді ұмытып кетіппіз. Оны кітап Түркістанға жеткен кезде бір-ақ байқаппыз. Бірден кітаптың баспаханадан шығуына жауапты Жәнібек Әшімжан бауырыма звандап мына олқылықтың орнын қалай толтырсақ болады деп сұрағанымда, ендігі бәрі кеш екендігін айтып ескертті. Сол кездегі Баян апайдың алдында жерге кірердей боп ұялғанымды-ай. Баян апайға күйгелектеніп мән-жайды түсіндіріп жатсам «Санжар балам-ау, ештеңе етпейді, онда тұрған ештеңе жоқ, мен еткен еңбегімді абырой-атақ жинау үшін, я болмаса кітабыңда атымды қалдыру үшін жасаған жоқпын ғой, саған жанашыр апаң ретінде бір шығармашылық қолдау жасағым келді, бар болғаны сол»- деп жымиып қана жауап қайырды. Кісілігінен кішілігі басым Баян апам-ай. Неткен кең едіңіз, мейірімдісіз, жанашырсыз, деп іштей сүйіндім де, сүйсіндім.

 

Кешегі менің Түркістанның төрінде дүркіреп өткен шығармашылық кешіме де белсене атсалысқан жанашыр жанның бірі де – осы Баян апайым болды. Күн сайын бірде звандап хабар алып отырса, енді бірде ватсап арқылы үздіксіз жазып рухани қолдауын көрсетіп отырды. Моральдық тұрғыда ғана емес, материалдық тұрғыда да үлкен суммадағы қаржылай көмегін беріп, бар қолдауын жасады. Бір күні таксиде Конгресс холға қарай бара жатқанбыз. Сол жерде «Санжар балам каспий голдыңды айта қойшы», деп үлкен суммадағы қаржысын аударып, сол жерде аналық ақ батасын беріп, кешіме сәттілік тілеген болатын. Дәл сол бір кездер қаржыдан тапшылық көріп, қатты қиналып жүрген кезім еді. Балаша қуанғанымды көрсеңіз. Төбем сәл қалғанда көкке жеткендей күй кештім. Бірақ кешім өткеннен кейін күйбең тіршіліктің құрсауына түсіп, бір жағы қауырт жұмыстың шиеленісіне түсіп, одан қалса денсаулығыма байланысты мәселелер туындап, жанашыр апама бір рахмет айтудың реті келмей өзімммен-өзім әуре боп қалдым. Ақжүрек Баян апам-ай менің! Сонда да сабырлы, байсалды қалпынан бір танған емес. Баян апа-ау, әр жасаған Жақсылықтың бір рахметі болады емес пе?! Рахметі жоқ жігіт екен деп ренжи көрмеңіз! Кеш те болса бүгін көңілімдегі өзіңізге деген әдемі сөздерімді құрап, АЛҒЫСтан ақ шапан кигізгім келді өзіңізге. Жасаған Жақсылықтарыңыз Алладан еселеп қайтсыншы! Жанұшыра жанашырлық танытып, қолдау көрсеткен адам – бір Сіздей-ақ болсын! Мен Сізге ризамын ақ апам!

 

Ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, көптеген оқу құралдарының авторы, әдебиеттанушылардың ұстазы Бейсенбай Кенжебаев ағамыз Баян апайыма «Тек адал жарының ғана емес, күллі Қазақтың аға буынына келін, кіші буынға жеңеше» деген үлкен баға берген екен. Қазақ қаламгерлерінің келіні, кіші буын өкілдерінің сүйікті жеңешесі атанып жүрген Баян апайым «Тарих ғылымдарының кандидаты», киелі қаламыздың Құрметті азаматы, президентіміз тарапынан берілген «Құрмет» орденінің иегері.

Баян апай, одан бөлек, қаламыздағы белді кәсіпкерлердің көшін бастап тұрған жан. Әлемдік тәжірибе ел экономикасын жаңа белеске көтерудің бір жолы бизнесті дамыту екенін көрсетіп отыр. Бизнесі дамыған ел биіктерді бағындыратыны сөзсіз. Сол дамыған елдермен тереземіз тең болуы үшін бізге де бизнесті дамыту өте маңызды, деп айтқан болар едім. Осы ретте жалқаулыққа жаны қас Баян апайым атқарып отырған жеке кәсіпкерліктің өзін білім саласына арнап, өнегелі ұрпақ тәрбиесімен ұштастырып отырған жан. Атап өтсек, Баян апай бұл күндері Түркістандағы жоғары деңгейде жұмыс жасап келе жатқан «Сабина» балабақшасы мен Профессор Құлбек Ергөбек атындағы зияткерлік мектебінің құрылтайшысы, басшысы. Бұл мектепте ұстаздар балаға сапалы білім берумен қатар, оқушыларды өнерге баулып, би, ән айту, домбыра, шахмат, бестемше сияқты сан түрлі үйірмелерді дұрыс жолға қойған. Баян Садыққызы іскер басшы ғана емес, үздік ұйымдастырушы, кадр таңдауда адаспайтын көреген жан. Үнемі оқушылар арасынан табылып, баламен де, ұжымдастармен де қызу еңбек етіп келе жатқан нағыз өз ісінің шебері. Сонымен қатар, өзі басқарып отырған зияткерлік мектепке арнайы «Түркістантану» сабағын енгізіп, зияткерлік ойындар үйірмелерін жоғары деңгейде жүргізуге атсалысып жүрген жаңашыл басшы.

Өмірін кітаппен өрнектеген Баян апайымның тағы бір мақтанышпен тілге тиек етуге боларлық қыры – кітапсүйгіштігі, кітапқұмарлығы. Сонау Алматыдан 28 000 кітапты арқалап келіп, Түркістанға қоныс аударғаны, қазіргі таңда кітап қоры 50 000 ға жеткен үлкен бір кітапхананың иесі екендігі – сөзімнің айқын дәлелі.

 

Баян Садыққызы  — ұстаздықпен қатар бірнеше ғылыми еңбек жазған ғалым кісі. Тарих ғылымдарының доценті, ғалым, танымал тұлға Өзбекәлі Жәнібековты зерттеп, осынау жұмысын жоғары деңгейде қорғап, ол тұлға жайлы екі бірдей кітапты жарыққа шығарған жан.

 

Қашанда алтын емес алғыс алуға құлшынған Баян апайым Бейсенбай Кенжебаев ағамыздың, қазақтың халық ақыны Мариям Хакімжанованың, Сәбит Мұқанов ағамыздың жары Мариям Мұқанованың ақ батасын алған жан. Кезінде Қазақстандық жазушы Герольд Бельгер де өз естелігінде: «Баян – нағыз қазақтың баршаға үлгі боларлық келіні»- деп ерекше атап өткен болатын.

 

Құрметті де қымбатты Баян апайым, жасаған еңбегіңіз еленіп, қашанда құрметке бөлене беріңіз! Әр күніңіз Сізге тек жағымды жаңалықтар мен жақсылықтар сыйласын. Отбасыңызға амандық, баянды бақыт тілеймін. Ұрпақтарыңыздың жетістіктеріне қуанып, шәкірттеріңіздің қуаныштарын бөлісіп, ортамызда аман-есен жүріңізші!

Өнегелі өміріңіз ұзақ, мәртебеңіз асқақ бола берсін! Құлбек ағамызбен қоса ағарып, бақытты ғұмыр кешіңіздер! Сіздердің елге бергендеріңізден, әлі де берерлеріңіз көп қой. Сіздерден үлгі-өнеге алып, біз жастар да жарқын болашаққа қарай нық сеніммен қадам баса берейік!

 

 

Banner Content

0 Comments

Leave a Comment

This is a Sidebar position. Add your widgets in this position using Default Sidebar or a custom sidebar.