– Мемлекет басшысы бүгінгі Жолдауында агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттен қолдаудың жаңа бағдары туралы тапсырмалар берді. Халықты алаңдатып отырған бірқатар өзекті мәселеге арнайы тоқталды. Оның ішінде ауыл шаруашылығы статистикасын бұрмалау жағдайлары бар екеніне назар аударды. Бұл – өте орынды айтылған мәселе.

«Агроөнеркәсіп кешенін тікелей субсидиялау тәсілінен арзан несие беру тәсіліне біртіндеп көшу – аса маңызды міндет. Бөлінген қаражаттың бәрі тиімді жұмсалуға тиіс. Алайда шындыққа жанаспайтын ақпарат беру, басқаша айтқанда, мәліметтерді бұрмалау ауыл шаруашылығындағы шынайы ахуалды бағалауға кедергі келтіріп отыр», – деді Президент.

Біз ауылшаруашылығы саласының әлеуетін әлі толық пайдалана алмай отырмыз. Заңсыз алынып, пайдаланылмай жатқан жерлер бар. Мемлекет басшысы пайдаланылмай жатқан жер оңтайландырылған рәсім бойынша мемлекетке қайтарылуға тиіс екенін атап өтті. Жерді заңсыз иеленіп алғандар не өздері жұмыс істемейді. Не өзгеге жұмыс істетпейді. Мен көп жәрде айтып жүрмін. Құдайдың қазаққа берген табиғи ресурсы өте көп. Ауылшаруашылығын дамытуға қаншама субсидия беріліп жатыр. Бірақ әлгіндей мәселелер бар. Сол себептен де ауылшаруашылығын қолдаудың жаңаша бағыттары ұсынылып отыр.

Саланы дамытудың маңызы өте зор. Өйткені қазақтың жаны, өзегі ауылда. Ауылда баспана да жетеді, жағдай да бар. Қаражаттың тиімді жұмсалуына назар аударып, айтылған мәселелерді кешенді түрде шеше алсақ, агросекторды одан әрі дамытар едік. Қазір ауылда жұмыс таппай жүрген жастарға тетіктер керек. Жерді пайдалануға инвестиция салып, адал еңбек етіп жүрген азаматтар да бар. Біз оларды қолдауымыз керек. Жалпы ауылдың әлеуметтік жағдайын талапты жастардың өзі шеше алады деп ойлаймын.

Сәкен МӘЖІНБЕКОВ, М.Әуезов атындағы ОҚУ, саясаттану кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к.

 

Banner Content

0 Comments

Leave a Comment

This is a Sidebar position. Add your widgets in this position using Default Sidebar or a custom sidebar.